Зейнетақы жүйесін жетілдіру, ертең құр шөппен ауыз сүртіп қалмауға сеп - Р. Халмұрадов

АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Ұлттық қор қаржысын қазір зейнетақы жүйесіне жұмсап, ертең құр шөппен ауыз сүртіп қалмайық. Тура осы ұстанымды қамтыған үкіметтік заң жобасын қолдаймын. Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Розақұл Халмұрадов осылай мәлім етті.

Зейнетақы жүйесін жетілдіру, ертең құр шөппен ауыз сүртіп қалмауға сеп - Р. Халмұрадов

Депутаттың айтуныша, зейнетақы жүйесін жаңғыртуға бағытталған заң жобасында бүгінгі зейнеткерлердің де, келешек зейнеткерлердің де, ерлер мен әйелдердің де тағдыры бар. «Расында зейнеткерліктің бүгінгі жүйесі және қолданыстағы зейнетақы туралы заңымызбен алысқа бара алмасымыз анық. Әйелдердің жасын біріздендіру, шын мәнінде әсіресе ауылдағылар үшін ауырға соғуы мүмкін, бірақ одан қашып құтыла алмайтынымызды түсінуге тиіспіз. Себебі бұл дамыған елдердің барлығында бар тәжірибе. Бүгіннің емес, болашақтың қамын ойлағаннан туындайтын мәселе деп білемін», - деді депутат.

Оның айтуынша, әйелдердің зейнет жасын ұзарта отырып, атқарушы билік олардың уайымсыз өміріне жағдай жасаулары керек. «Ұзақ жылдар еңбек етуіне байланысты әлеуметтік мәртебенің сақталуы, лайықты зейнетақы жинақтарын жасаудың жолдары жан-жақты қарастырылып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы тиістігі айқын болып отыр. Бұның барлығы бүгін айқындалып, жоспарланбаса, ертеңгі күні кеш болады», - деді ол.

«Жалпы алғанда Үкіметтің Ұлттық қор қаржысын алдағы жылдары қолданыстағы зейнетақы жүйесі бойынша пайдаланып, түгесіп тастап, одан кейін құр шөппен ауыз сүртіп қалмайық, деп алдын ала қам жасап жатқанын қолдаймын», - деді Р. Халмұрадов.

Еске салсақ, заң жобасының басты жаңалығы әйелдердің зейнеткерлік жасын біріздендіру болып табылады. Бұл ретте заң жобасында қамтылғандай, 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлік жасты жыл сайын 6 айға ұлғайта отырып, біртіндеп 10 жылдың ішінде зейнеткерлік жасты көтеруді жүзеге асыру көзделеді. Сөйтіп, 2023 жылдан бастап әйелдер мен ерлер үшін зейнеткерлік жас 63-ке теңеседі.