17:58, 16 Қаңтар 2009 | GMT +5
Зейнетақы жүйесіне енгізілген автоматты аударымдар қызметі сәуірдің 1-нен бастап іске қосылады
АЛМАТЫ. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Cәуірдің 1-нен бастап зейнетақы жүйесіне автоматты аударымдар қызметі енгізіледі. Бұл туралы бүгін Алматыда БАҚ өкілдерімен арнайы өткізілген тренинг барысында «Республика» ЖЗҚ-ның өкілдері мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Бұған дейін елімізде жұмыс беруші жұмысшының жалақысынан зейнетақы аударымын тікелей зейнетақы қорына аударатын. Ал жұмысшы екінші жерге жұмыс ауыстырғанда жұмыс беруші өзі келіскен жаңа ЖЗҚ-дан шот аштыратын.Сөйтіп бір адамда 2 немесе 3 зейнетақы шоты болып, кейін зейнетке шыққанда әуре-сарсаңға түсетін. Жаңа жүйе бұны толық жояды», дейді «Республика» ЖЗҚ-ның маркетинг бөлімінің маманы Әсем Нұрғалиева. Жаңа жүйе бойынша жұмыс беруші ендігі уақытта жұмысшының зейнетақы аударымын Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығына (МЗТО) аударады. МЗТО 15 жұмыс күні ішінде жұмысшы келісімшарт жасасқан ЖЗҚ-ына аударып отырады. Сондай-ақ жұмысшының барлық шоттарындағы салымдар соңғы келісімшартқа отырған ЖЗҚ-ына жинақталады. Жаңа жүйе бойынша зейнетақы салымдары мемлекет тарапынан кепілдендіріліп, инфляциялық шығындар толықтырылып отырылады.