Зейнетақы жүйесінің басты соры - тиімсіз менеджмент - Д.Назарбаева

АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат - Зейнетақы жүйесінің басты соры - тиімсіз менеджмент. Бұл туралы бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева айтты.

Зейнетақы жүйесінің басты соры - тиімсіз менеджмент - Д.Назарбаева

«Тиімсіз менеджмент - жүйенің басты соры. Мәселен, «Ұлар Үміт» қоры өз салымшыларының қаржысын «Шар-Өскемен» темір жолы құрылысына салды. Ақша жұмсалды, ал жоба жөнді жұмыс істемейді. Қазіргі уақытта темір жол уақытша пайдалануға берілді. Станса бекеттері салынбаған, жолға техникалық қызмет көрсету жоқ, мемлекеттік комиссия жүргізілмеген», - деді ол.

Д.Назарбаеваның айтуынша, бүгінде жол шамамен 70 пайызға жұмыс істеп тұр. Яғни, жол дұрыс жоспарланбаған.

«Салымшылардың ақшасы желге ұшты. Енді мемлекет, яғни, еліміздің жұмыс істейтін азаматтары біз бен сіздер аталған қордың қабілетсіз менеджменті үшін төлейтін боламыз. Бұған кім жауап беруі тиіс әрі мұндай келеңсіздіктер қашан тоқтайды? Бұл мысал зейнетақы жүйесінің осал тұсын көрсетеді»,- деді халық қалаулысы.