Зейнетақының жаңа тұжырымдамасында мемлекеттің, қызметкер мен жұмыс берушінің жауапкершілігі күшейтіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстандағы жаңа зейнетақы жүйесі таныстырылды.

Зейнетақының жаңа тұжырымдамасында мемлекеттің, қызметкер мен жұмыс берушінің жауапкершілігі күшейтіледі

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жаңа тұжырымдама зейнетақы төлемдері мөлшерінің барабарлығына және Қазақстан Республикасындағы зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығына кепілдік беру мақсатында мемлекеттің, қызметкер мен жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейте отырып, зейнетақымен қамсыздандырудың қолданыстағы көпдеңгейлі жүйесін сақтап қалуды көздейді.

«Басты тұжырымдамалық өзгеріс қолданыстағы жинақтаушы жүйесін жұмыс берушілердің қызметкерлердің пайдасына міндетті 5 пайыз жарналары есебінен қалыптасқан жаңа шартты-жинақтаушы компонентімен толықтыру болып табылады», - дейді Т. Дүйсенова.

Оның айтуынша, жаңа жүйе жинақтау секілді үлестіру принципін де қолдайды.

«Атап айтқанда, жүйеге қатысушы әрбір адамға дербес зейнетақы шоты (қазіргі жинақтау шотына қосымша) ашылатын болады, онда жұмыс берушілердің жарналары тіркеліп отырады. Жұмыс берушілерден түсетін жарналар капиталдандырылмайды және жекелеген адамдардың меншігі болмайды, ол осы жүйеге қатысушылардың ағымдағы зейнетақыларын төлеуге жұмсалатын болады. Зейнетақы мөлшері жұмыс берушінің 5 пайыздық жарналарының есебінен қалыптасатын жинақ негізінде айқындалады. Зейнетақы өмір бойы төленетін болады», - деп атап өтті министр.

Т. Дүйсенованың айтуынша, зейнетақы төлемінің бұл түрі азаматтардың жүйеге қатысу өтілі 5 жылдан кем болмаған жағдайда тағайындалатын болады.