Зейнеткер ана 75 мың теңгеге өз ұлын өлтіруге тапсырыс берген

АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Павлодар қаласында өз ұлын өлтіргені үшін 75 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы беремін деген зейнеткер ана ұсталды.

Зейнеткер ана 75 мың теңгеге өз ұлын өлтіруге тапсырыс берген

Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның мәліметі бойынша, кісі өлтіруге тапсырыс берілгені туралы жедел ақпарат түскеннен кейін, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері тапсырыс берушінің 70 жастағы зейнеткер екендігін анықтады. Полиция қызметкерлерінің бірі жасырын түрде тапсырысты орындаушы ретінде зейнеткер анаға хабарласып, мәселенің мән-жайын білген. «Сол кезде зейнеткер ананың өз ұлын пәтер үшін өлтіруге тапсырыс бергендігі анықталды. Осыдан кейін кісі өлімін жалған көрсету арқылы өз ұлын өлтіруге тапсырыс берген кейуана 75 мың теңге беру үстінде ұсталды», - дейді Қ.Жұманов.

Департамент басшысы атап көрсеткендей, зейнеткер ана өз ұлын өлтіргендігін растайтын дәйектер ретінде оның жеке куәлігін, аяқ киімі мен ұялы телефонын алып келуді талап еткен. Қазіргі кезде осы оқиға қылмыстық іс қозғалып отыр.