Зейнеткер автобуста 2 мың доллары мен банк карточкаларынан айырылып қалды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте қалта ұрлығын кәсіп еткен әйел зейнеткердің сөмкесінен 2 мың АҚШ доллары мен банк карточкаларын қолды етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зейнеткер автобуста 2 мың доллары мен банк карточкаларынан айырылып қалды

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, зейнеткердің полицияға жазған арызынан кейін ұрыны іздестіру жұмыстары басталған. Қария қоғамдық көлікте сөмкесіндегі әмиянынан айырылып қалғанын айтқан. Әмиянда 2 мың АҚШ доллары мен банк карточкалары болған.

Әл-Фараби полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде 1972 жылы туған әйелді ұстады.

Тергеу барысында оның ұрлыққа қатысы бары расталды. Ол әмиянда табылған пин-код арқылы карточкадан 600 мыңнан астам тенгені де шешіп алған. Ұрланған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.  Қазіргі таңда аталған фактіге байланысты Қылмыстық кодекстің 188-бабы («Ұрлық») бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Күдіктінің өзге қылмыстарға қатыстылығы анықталып жатыр.