Зейнеткер әйелді ұрып, телефонын тартып әкеткен қарақшы ұсталды

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 4 ақпан күні шамамен сағат 17.00-де Гагарин көшесі 99-үйдің маңында орын алды.
Кісі тонау оқиғасы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бейнежазбадан ер адам үйдің жанындағы орындықта отырған әйелдің қасына келіп, әңгімелесіп отырғаны, содан кейін оған бірнеше рет соққы жасап, телефонын тартып әкеткені анық көрінеді.
Департаменттің баспасөз хатшысы Әлия Наурызғалиеваның айтуынша, ер адам күш көрсетіп, 1945 жылғы әйелге тиесілі «Homtom HT16» ұялы телефонын тартып алған да, тайып тұрған.
Полиция қызметкерлері бейнебақылау камерасының көмегімен осы қылмысқа күдікті ретінде 1981 жылғы ер адамды анықтап, қолға түсірді.
«Кейін ол уақытша оқшаулау изоляторына қамалды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 191-бабы 2-бөлігіне сәйкес (кісі тонау) тергеу амалдары жүргізілуде», деді ҚазАқпарат тілшісіне Ә.Наурызғалиева.
Айта кетейік, аталған бап бойынша қылмысы дәлелденген жағдайда күдікті мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.