Зейнеткердің тірнектеп жиған ақшасын бір күнде жымқырып кетті

АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Жамбылдық полицейлер іс-шаралар кешенін өткізу барысында,  21 жастағы  тергеу-қамауындағы күдіктінің маусым айының басында, Тараз қаласындағы зейнеткерлердің пәтеріне қарақшылық шабуыл жасаған қылмысын дәлелдеді.

Зейнеткердің тірнектеп жиған ақшасын бір күнде жымқырып кетті

Бұл туралы бүгін өткен брифингте ІІМ Баспасөз қызметінің басшысы Нұрділдә Ораз мәлімдеді.

Күдікті екі сыбайласымен медициналық бетперде киіп, өздерін электр жөндеушілерміз деп таныстырған. Қарақшылардың сөзіне сеніп, 70 жастағы зейнеткер әйел есікті ашқан кезде, олар үйге  баса-көктеп кірген. Әйелі мен күйеуі екеуін пышақпен қорқытып, олардан 700 мың теңгені, алтын  сақиналары мен ұялы телефондарын тартып алып кеткен.

Зейнеткерлер өз зейнетақыларын пәтер жөндеуге жинап жүрген көрінеді. Қазіргі уақытта күдіктінің сыбайластарын іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.