Зейнеткерлер коммуналдық «берешектерін» алаяққа төлеп келген

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарлық тәртіп сақшылары зейнеткерлердің ондаған мың теңге ақшаларын қолды етіп келген Ақсу қаласының 42 жастағы тұрғынын тұтқындады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Зейнеткерлер коммуналдық «берешектерін» алаяққа төлеп келген

Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің дерегі бойынша, күдікті Ақсудан Павлодарға келіп, тұрғын үйлердің кіреберістерінде егде жастағы адамдардың үйге кіргенін күтіп тұрған. Онымен бірге ілесіп кіргеннен кейін, жоғары көтеріліп бара жатқан күй танытып, зейнеткердің пәтерге кіргенін аңдыған. Кейін есікті қағып, өзін бақылаушы ретінде таныстырады. Пәтерге кірген ол есептеуіштердің көрсеткішін қарап, оны дәптерге жазған болады. Қарттың жалғыз тұратынына көз жеткізгеннен кейін, пәтер иесінің электр энергиясына, суға қарыз болып қалғандығын және екі айға жарықты өшіретіндігін айтып, қорқытады. Ер кісі «қарыз» сомасының көлемі аз емес екендігіне (80 000, 60 000, 50 000 теңге) сендірген. Зәре-құты қалмаған зейнеткерлер сол сәтте-ақ жинаған ақшаларын қаскүнемнің қолына ұстатып отырған. Ал ол «берешектің» өтелгені туралы түбіртек жасаған.

ІІД ақпаратына сүйенсек, ер кісі осындай үлгідегі 17-ден астам қылмыс жасаған,  бұрын ол осындай қылмысы үшін сотталған да. Ұсталған азамат бар кінәсін мойындады, қазіргі таңда қамауда отыр. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «алаяқтық жасау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.