Зейнеткерлер мен ардагерлер қашан да тұрақтылық, саналылық, халық алдындағы адалдық, ішкі және сыртқы саясатта ниеттестікті жақтайды - Қ.Сүлейменов
Бұл туралы бүгін ардагерлер ұйымдарының VI республикалық съезінде оның Орталық кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов айтты.
«Билік зейнеткерлерді тағдырдың тәлкегіне тастады»,- деген оппозицияның ұрандарымен келіспейтіндігімізді бүгін ашып айтуымыз қажет. Оппозиция біздің қиындықтарымызды өздерін танымал ету мақсатында пайдаланғанына қарсымыз. Біз оны көріп отырмыз және осы съезде болмағанда оны қай жерде ашып айтамыз. Біз Үкіметпен және жергілікті атқарушы органдармен сындарлы диалогты қалайтын адамдармыз. Біз ардагерлердің әлеуметтік жағдайының айналасындағы қанқу сөздермен келіспейміз», - деді Қ.Сүлейменов.
Қ.Сүлейменов, зейнеткерлер мен ардагерлер Президенттің ең белсенді және сенімді электораты болып табылады және олар қашан да тұрақтылық, саналылық, халық алдындағы адалдық, ішкі және сыртқы саясатта ниеттестікті жақтайтынын айтты.
Сонымен бірге ол, соңғы үш жылда зейнетақы көлемі айтарлықтай артқанын тілге тиек ете келе: «2005 жылы Қазақстанда ең төменгі зейнетақы көлемі 9 мың 200 теңгені құрады, ал биыл ол 24 мың теңгеге көтерілді. Сәйкесінше, зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 12 мың 62-ден 36 мың 205 теңгеге көтерілді», - деген деректерді келтірді.
Ардагерлер ұйымы құрамында 1 млн.-нан астам адамы бар елдегі ең ірі қоғамдық бірлестіктердің бірі болып табылады.