Зейнеткерлердің өтінішімен қалалық зират күл-қоқыстан тазартылды

АСТАНА. Сәуірдің 18-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін жалпықалалық сенбілік шеңберінде зейнеткерлердің өтінішімен Астрахан тас жолы бойындағы қалалық зиратқа ауқымды санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді,

Зейнеткерлердің өтінішімен қалалық зират күл-қоқыстан тазартылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қалалық зиратты санитарлық тазалау туралы өтінішін денсаулық саласының ардагері Татьяна Маликзатова қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың үстіміздегі жылғы ақпанның 19-ында қала тұрғындарымен болған есептік кездесуінде жеткізген болатын. Әкім кейуананың бұл өтінішін елеусіз қалдырмай, зиратқа тазалау жұмыстары міндетті түрде жүргізілетінін уәде етті. Қала басшысының бұл шешімін «Нұр Отан» партиясының жастар қанаты да қолдап, бүгін зират басында 100-ге жуық жас қарқынды жұмыс жасауда. Т.Маликзатованың айтуынша, аталмыш зиратқа бұрын-соңды мұндай ауқымда сенбіліктер жасалмаған. Сарыарқа ауданының әкімі Сәбилә Мұстафинаның атап көрсеткеніндей, аудан бойынша сенбілікке қатысуға барлығы 1200 мекеме өтінім берген. Олардың ішінде барлық жоғары және арнайы орта оқу орындары, шағын және орта бизнес кәсіпорындары, қалалық және республикалық органдар өкілдері бар. «Әсіресе министрліктер мен басқа да республикалық органдардың еңбегін атап өту қажет. Өйткені олар өз ғимараттарының ауласын ғана емес, санитарлық күйі нашар Сарыбұлақ өзенінің жағалауы мен айналма күрежолдардың бойын тазалауда», - деді ол.Экологиялық сенбілікке Алматы ауданының тұрғындары мен ауданға қарасты 1422 мекеме де қатысуда. 28 мыңнан астам адам, 24 бірлік тиейтін техника мен 67 жүк көлігі заңсыз лақтырылған 35 қоқыс үйіндісін тазалап, 1 мыңнан астам ағаш отырғызуды жоспарлап отыр.