Зейнеткерлерге коммуналдық қызмет бағасының өсуіне байланысты көмек көрсетіледі - фейк

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі зейнеткерлерге материалдық көмек көрсетіледі деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Зейнеткерлерге коммуналдық қызмет бағасының өсуіне байланысты көмек көрсетіледі - фейк

«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тарап жатқан Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен барлық зейнеткерлерге коммуналдық қызмет бағасының өсуіне байланысты материалдық көмек көрсетіледі деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Себебі, Үкімет тарапынан дотациялық қаржылық көмек көрсету туралы қаулы қабылданған жоқ. Сол себепті бұл ақпарат жалған», - деп жазды ведомстводан.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының аясында жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджеттен аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) жеке тұрғын үйді ұстауға кеткен шығындар арасындағы айырмашылықты өтеуге және осы мақсаттарға арналған шығыстарының шекті деңгейінде тұрғын үй көмегін көрсету қарастырылғаны хабарланды.

«Бұл көмекке «Тұрғын үй көмегін тағайындау» туралы мемлекеттік көрсетілетін қызмет арқылы құжаттарды тапсыруға болады», - делінген министрлік.