Зейнолла Алшымбаевтың «Аманат арқалаған жылдар» атты қос томдығы жарық көрді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы «Фолиант» баспасы белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің үшінші және төртінші шақырылымдарының депутаты Зейнолла Алшымбаевтың «Аманат арқалаған жылдар» атты қос томдығын жарыққа шығарды.
Автордың 35 баспа табақтан тұратын бірінші кітабында мерзімді баспасөз бетінде жарияланған өзекті мақалалары, журналистерге берген сұхбаттары, өнегелі өмірімен үлгі бола білген аға-замандастары туралы жазған естеліктері, Үкімет басшылары мен министрліктерге жолдаған ұсыныстары мен депутаттық сауалдары және оған алған жауаптары топтастырылған.
Сайлаушылар аманатын орындаған халық қалаулысының жұмыс ұйымдастыру стилін, оның қыр-сырын ашық көрсететін бұл жинақ әр деңгейдегі халық өкілдері, оның ішінде жас саясаткерлер мен тұлғатанушылар үшін танымдық маңызы жоғары екені және үлкен қызуғышылық туғызары сөзсіз.
Ал 32 баспа табақтан тұратын екінші кітапта замандастар лебізі, автордың қоғам мен өмір туралы ойлары көрініс тапқан.
Автор өз кітабының «Халық сенімі - ел игілігіне» атты бірінші бөлімін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Халық даусын сіздерге берді. Демек, ел үмітін ақтау, халық аманатына адал, сенімге сай болу - сіздердің азаматтық парыздарыңыз», - деп депутаттарға айтқан сөзімен бастаған.
Ал «Өмірден - ой, тірліктен - түйін» атты бөлімінде «Заң биліктегілерден биік болып, биліктегілер заңның құлы болған ел - Құдайдың мейірімі түскен ел» деген Платонның сөзін келтірген. Сондай-ақ қазақ жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың: «Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды» деген толғақты ойы да осы кітаптың мән-мағынасын аша түскен.
Сан алуан экономикалық, саяси-әлеуметтік тақырыптарды қамтитын бұл еңбек қалың оқырман қауымға арналған.