Ж. Аманқұловтың «Көшпенді фотографтың шежіресі» атты жеке көрмесі өтуде

 АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада атақты фотограф Жанарбек Аманқұловтың жеке көрмесі салтанатты түрде ашылды. Тәуелсіздіктің 21 жылдығы аясында Астана жұртшылығы мен қонақтарына арналған шара «Көшпенді фотографтың шежіресі» аталып отыр.
None
None

Ж. Аманқұлов фото-өнер стилін және басқа да жанрларды қатар ала жүріп, өз еңбек жолын фото-тілші қызметінен бастаған мәдениет қайраткері. Жеке талғамын қалыптасыру жолында ол Ереванда, Парижде тұрған. Сол жерлерден алған, жинақтаған мол тәжірибесі ортаазиялық фототілшінің жаңа бағытта дамуына сеп болғанға ұқсайды. Фотографтың көптеген шығармалары қазіргі Қазақстанның екі жақты шынайы бейнесін көрсетеді. Оның бірі - Дала көшпелі мәдениетінен тамыр алса, екіншісі қазіргі заманғы өмірдің қуанышы мен мұңын топтастырар бейнелер. Ал оның түсірілімдері жалпы мәдени мұраны да, жеке ойдың пайымдауларының да оңтайлы сәттерін қамтиды.

Қазіргі таңда өзін деректі және көркем фильмдермен қатар өзге де жанрларда таныта білген Ж.Аманқұлов Орталық Азияның жарқын фотографтарының бірі ретінде танымал. Оның туындылары Еуропа мен АҚШ-тың да талғампаз жұртына да кеңінен таныс. Оның суреттері Forbes, Esquire, Harper"s Bazaar секілді әлемге беделді басылымдарда жарық көрген.

Ал «Көшпенді фотографтың шежіресі» үш бөлімнен тұрады. Оның бірінде автордың әлемнің әртүрлі елдерін саяхаттап жүргенде түсірген суреттері қойылып, онда кәрі құрлық Еуропаның ырғақты өмірі Қазақстандағы және жалпы Азиядағы түбегейлі өзгерістермен бірге салыстырмалы түрде көрсетіледі. Ал екінші бөлім портреттік топтамаларға арналған. Ал үшінші бөлім - жиһангез жанның тұрағы саналар киіз үймен астарлап бейнеленген. Бұл топтаманы еліміздің әр өңірінде түсірген суретші мәңгілік Ұлы дала және Көк аспанмен тағы бір тілдескен сыңайлы. Сол арқылы өзін мазалаған сан сауалға жауап іздеп, қазақ елінің ықылым пәлсапалық өмірі жайлы көзқарастарын тұжырымдайды.

Соңғы жаңалықтар