Ж.Асанов прокурорларды бизнестің құтын қашырмауға шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов ведомствоның алқа мәжілісінде бизнеске барынша көмек көрсетуді және олардың құтын қашырмауды сұрады.
«Маусымда «Атамекен» палатасымен бірге форум өткіздік. Өзекті мәселелерді ашық айттық. Тұтас бір проблемалардың бетін ашып, мемлекеттік органдар тарапынан жасалатын қысымды сөз еттік. Жол картасын жасап, Астана мен Ақмола облысындағы 560 істі зерттеп шықтық. Әрбір бесіншісі заңсыздықтарға толы. Қылмыстық-процессуалдық кодекс аясында 224 кәсіпорынға тексерістер тағайындалды. Жартысынан астамы - себепсіз тексерулер. Біз де оны назардан тыс қалдырып алдық», - деді ол бүгін Бас прокуратураның жартыжылдың қорытындысын шығару кезінде.
Сонымен қатар, оның айтуына қарағанда, былтырғы жылмен салыстырғанда, биыл қылмыстардың саны аздап төмендеген. Кісі өлтіру мен ұрлық-қарлық 12 пайызға кеміген. Бұзақылық пен зорлау фактілері үштен бірге дейін қысқарған.
«Қылмыстық-прецессуалдық кодексті жаңарттық. Барлығын тіркейміз, арыздардың барлығы жасырусыз тіркеледі. Не алдық? Екінші мәселеге тап болдық, барлық істердің үштен бірі, яғни 88 мың іс тоқтатылған. Онда бастапқы кезден қылмыс болмағаны анықталды. Бірақ сол үшін құқық қорғау органдары жауап алу үшін кәсіпкерлерді ары-бері сергелдеңге салады. Одан қалды тінту жүргізеді. Бұл бір күн, екі күндік шаруа емес, айлап уақыттарын алады. Адамдар қиналады, бизнестерінің астаң-кестеңі шығады. Бір жағынан өзімізге де көп жұмыс тауып бердік. Маңызды істермен айналысудың орнына бос жұмыстармен айналысып жатырмыз. Бұны қалай түзейміз?», - деп атап өтті Ж.Асанов.
Бұл қалыптасқан мәселені шешу үшін Бас прокурор бірқатар шараларды ұсынды.
«Сотқа дейінгі тергеу реестріне тіркеудің алгоритмін және нақты критерийлерін анықтау қажет. Бастысы - қисынсыз қылмыстық істерді болдырмау, тергеудің ойға қонымды мерзімдерін енгізу. Нақтылық жоқ. Осының кесірінен ең жеңіл істердің өзі айларға созылып жатады», - деп атап өтті ол.
Ж.Асанов бұл мәселені өзінің орынбасарына біржақты қылуды тапсырды.