Ж. Аймауытовқа ескерткіш орнатылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтың бағына біткен қайраткер, хас қаламгер, қазақы ар мен намыстың алдаспаны - алаштың Аймауытовына еңселі ескерткіш орнатылды. Жазушы есімін иеленген облыстық қазақ музыкалы драма театрының алдынан орын тепкен жүсіпбектің тас мүсіні - сәулеті мен сұлулығына талайлар таңдай қағар ескерткіш қана емес, ұлтымыздың ұлылығын паш етіп, жас ұрпақтың жігерін жаныр құндылық болмақ.
Биіктігі 3,6 метр болатын қоладан құйылған ескерткіштің авторы - астаналық мүсінші Ермек Тоқтаров. Қою қара түсті жылтыр граниттен соғылған ескерткіш тұғырының биіктігі - 4 метр. Тас мүсін «Керемет-ПВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігінің арқасында бой көтергенін атап өткен абзал.
Жазушының 125 жылдық мерейтойына орай бой көтерген ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Қанат Бозымбаев, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Асқар Бөрібаев, Қазақстанның халық жазушысы Әкім Тарази, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай, белгілі театр сыншысы, жазушы Әшірбек Сығай, Жүсіпбек Аймауытовтың немересі Римма Бектұрқызы, философия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім және тағы да басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ескерткішті облыс әкімі Қанат Бозымбаев пен ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Асқар Бөрібаев, ақын Ғалым Жайлыбай мен жазушының немересі Римма Бектұрқызы ашып берді.
Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімінен кейін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Аймауытов оқулары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Келелі жиында қаламгер өмірі мен шығармашылығына байланысты тың деректер айтылды. Кешкісін көпшілік назарына Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы драма театрында «Ар алдаспаны - Аймауытов» атты қойылым ұсынылды.
Г. Сыдықова