Ж.Депардье А.Мұхамедиұлымен кездесуде Қазақстанда опера қоюға ниет білдірді (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы әйгілі француз актеры Жерар Депардьемен кездесті, бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство басшысы және 200-ден аса кинофильмдер кейіпкерінің кездесуі достық әңгіме ретінде өтті.
Әйгілі актерды қарсы ала отырып, Арыстанбек Мұхамедиұлы Ж. Депардьенің қатысуымен түсірілген фильмдер барша қазақстандықтарға танымал, ал отандық «Күзгі махаббат» және «Дала дауысы» киноленталары шетелде де кеңінен көрсетілгендігін айтып өтті.
«Барлығымыз да сіздің Наталья Орынбасаровамен бірге түскен «Күзгі махаббат» киносын жақсы білеміз. Бұл өте мейірімді фильм ауыл болмысы туралы баяндайды. Одан басқа бірлесіп іске асырған өзге шығармашылық жобаларымыз бар», - деді министр
Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан-Франция шығармашылық ынтымақтастығы алдағы уақытта да дамып, жалғасын табатындығына сенім білдірді.
Сонымен қатар ол болашаққа деген шығармашылық жоспарларымен бөлісті. Француз актеры алдағы уақытта Қазақстанда опера қоюға ниетін білдірді.
«Мен операда бірнеше рет ойнап, оны қоюға қатысқан едім. Қазақстанда адамдар классикалық музыканы сүйіп тыңдайды, бұл жерде дарынды опера әншілері де өте көп. Қазақстанда шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік мол», - деп бөлісті ол.