Ж.Досқалиев өзіне кесілген үкімге байланысты жоғары инстанцияға шағымданады
АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев өзіне кесілген үкімге байланысты жоғары инстанцияға шағымданады.
Бұл туралы ол бүгін үкім жария етілген сот отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген кезде айтты.
Бұған дейін сот бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевке қатысты мүлкін тәркілеп, қатаң режімдегі колонияға 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескендігін хабарлаған болатынбыз.
«Мен білмеймін. Өкінішке қарай, жалған куә берген куәгерлер тергеуді, прокуратураны, сотты адастыруға мүмкіндік алды»,- деді Ж.Досқалиев.
Еске сала кетсек, Ж.Досқалиевке қатысты қылмыстық іс 2010 жылдың қыркүйегінде қозғалды. Оған қызметтік лауазымын асыра пайдаланды, аса ірі көлемде пара алды, лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдалану арқылы бюджеттік қаржыны жымқырды деген айыптар тағылды. Сондай-ақ қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін жалған инсульт жасады деген де күдік келтірілді.