Ж.Досқалиевке қатысты қылмыстық іске оның Медицина академиясына басшылық жасаған кездегі заң бұзушылықтары негіз болып отыр
Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
«Ағымдағы жылғы қыркүйектің 21-інде агенттікпен ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевке қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істің қозғалуына келіп түскен және қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес тіркелген жедел ақпарат бойынша тексеру материалы негіз болды», деді Мұрат Жұманбай өз сөзінде.
Ресми өкілдің атап өтуінше, тергеу барысында 2003 жылы Қазақ мемлекеттік медицина академиясына жалпы көлемі 2,5 гектар жер телімі бөлінгендігі анықталған. Ал 2005 және 2006 жылдары аралығында аталған білім ордасының басшысы қызметін атқарған Ж.Досқалиев пайдакүнемдік ниетпен әрі жеке материалдық пайда алу үшін заңнаманы бұза отырып, өзінің танысы, «Астана КБТ» ЖШС-нің директоры Кенжиннің пайдасына онымен жер телімдерінде 2 тұрғын үй салуға келісімшартқа отырған. Досқалиев берген бас сенімхат бойынша Кенжин салынған үйлердегі пәтерлерді нарықтық бағамен академияға қатысы жоқ жеке тұлғаларға сатып, 1,4 миллиард теңге табысқа кенелген. «Шын мәнінде жер телімдері Астана медициналық университеті АҚ-ының оқытушыларына тұрғын үй салуға бөлінген болатын. Досқалиев Кенжиннен тұрғын үйлер салынған жер телімдерін бергендігі үшін сол үйлерден заңсыз сыйақы ретінде туысқандарына тіркелген 2 пәтерді және өз атына тіркелген Қараөткел кентіндегі коттеджді алған», деді ол өз сөзінде.