15:48, 28 Маусым 2016 | GMT +5
Ж.Қасымбек: 2016 жылы трансұлттық корпорациялардың қатысуымен жалпы сомасы 78 млрд. теңге болатын 7 жоба іске асырылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы трансұлттық корпорациялардың қатысуымен жалпы сомасы 78 млрд. теңге болатын 7 жоба іске асырылады. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесуін өткізген ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.

«Бұдан бұрын Индустрияландыру картасының аясында 128 жаңа жоба пайдалануға берілгені туралы айттым. Міне, олардан басқа 2015 жылы «тірек инвесторларының» және трансұлттық корпорациялардың қатысуымен 130 млн. АҚШ доллары сомасына 4 жаңа өндіріс іске қосылды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, тағы 6 шетелдік компания Қазақстандағы өз зауыттарына қосымша 130 млн АҚШ долларын салып, өз өндірістерін кеңейткен.
«2016 жылы трансұлттық корпорациялардың қатысуымен жалпы сомасы 78 млрд. теңге болатын 7 жобаны фармацевтика өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, тау-кен металлургия кешені, химия өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында іске асыру жоспарлануда», - деді Ж.Қасымбек.