17:14, 28 Маусым 2016 | GMT +5
Ж.Қасымбек: Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің құрал-жабдықтары Қазақстанға биыл жеткізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің құрал-жабдықтары Қазақстанға биыл жеткізіледі. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесуін өткізген ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.

«Ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешенін құру бойынша жұмыстар жалғасуда. Аталған кешеннің барлық технологиялық құрал-жабдықтары Еуропада әзірленіп, зауытта сынақтан өтіп, сонда сақтаулы тұр. Құрал-жабдықтар Қазақстанға биыл жеткізіледі», - деді Ж.Қасымбек.
Министрдің айтуынша, заманауи ғарыштық инфрақұрылымды құру ғарыш саласының ғылыми және ғылыми-технологиялық базасын одан әрі дамытуды талап етеді.
«2015 жылы ғарыш қызметі саласында 26 ғылыми жоба орындалып, 5 жоба тәжірибеге енгізілді», - деді ол.