Ж.Түймебаев Созақ ауданында сапармен болды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Созақ ауданында болып, бірқатар нысандарды аралап тұрғын үй құрылысы мен кәсіпорындардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ж.Түймебаев Созақ ауданында сапармен болды

Ауданның тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында барған облыс әкімі ең алдымен индустриалды аймақта орналасқан екі ірі кәсіпорынның жұмысымен танысты. Онда әкім уран өндіруші кәсіпорындарға арнап металл бөшкелер шығаратын «KO-S Star» зауытының жұмысымен танысты. Зауыт жылына 50 мың дана металл бөшке шығаруға қауқарлы. 40 адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орны жыл басынан бері 18 мыңға жуық темір бөшке шығарған.

Мұнан соң, жұмысшы топ йодталған ас тұзын шығаратын «Дархан-Ас» зауытында болды. Жылына 9 600 тонна өнім шығаруға қауқарлы зауыт жыл басынан бері 2 500 тонна ас тұзын өндірді. Жаңадан ашылған кәсіпорын алдағы уақытта өндіретін өнімнің көлемін арттыруды көздеп отыр. Қазіргі таңда 14 адамды жұмыспен қамтып отырған зауыт өнімін облыс нарығына шығарып отыр. 

Аталмыш индустриалды аймақтың инфрақұрылым жұмыстары аяқталған. Индустралды аймаққа өз өтініштерін берген 5 жоба енгізіліп, 4 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар, аймақ басшысы аудандағы, Шолаққорған ауылында «Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасы аясында облыстық бюджет есебінен салынып жатқан арендалық 50 тұрғын үйдің құрылысын аралап көрді. 2015 жылы басталған аталған тұрғын үйдің құрылысы желтоқсан айында аяқталып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Ел Құрылыс тобы» ЖШС-і жүргізіп отыр. Айта кету керек, бүгінде Созақ ауданында тұрғын үй кезегінде 454 адам тұр.

Сапар барысында облыс әкімі Ж. Түймебаев Созақ аудандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жанынан ашылған тігін цехының жұмысымен танысты. Созақ аудандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жанынан ашылған тігін цехында қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі 15 адам жұмыспен қамтылған. Мұнда қолғап, төсек жаймалары мен арнайы жұмыс киімдері тігіледі. Сондай-ақ, аудан халқына шаштараз бен аяқ киім жөндеу қызметтері көрсетіледі. Қазіргі таңда 12 тігін машина, 1 қолғап цех жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта жұмыспен қамтылатын мүгедек жандарың саны 25- 30 адамға дейін жетіп, қосымша, компьютер жөндейтін, пластик терезе шығаратын қызмет көрсету түрлері де іске қосылады деп күтілуде. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көпсалалы цехта тігілген киімдерді, Қазатомпром АҚ-на қарасты уран өндіретін компаниялар, аудан халқы және бюджеттік мекемелер тұтынатын болады.

Айта кету керек аудан бойынша 2085 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Созақ ауданына жасаған сапары барысында облыс әкімі Ж.Түймебаевпен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ төрағасы А.ЖұмағаливТаукенттегі «Қанжуған» өндіріс аймағындағы ПВ-5 кен өндіру орындарын аралап, жұмысшылармен кездесті. Сондай-ақ, осы күні әлеуметтік даму саласындағы қарым-қатынастарды нығайту және қолдау көрсету; қызметкерлердің жұмыс орындары мен жалақысын қысқартуға жол бермеу; еңбек заңнамасының талаптарын сақтау, оның ішінде жалақы берешегін өтеу бойынша жұмыстарды жандандыру; жергілікті қамтуды дамыту саласында қолдау көрсету бойынша екі жақты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.