Жабайұлы Тоқсан би

Жабайұлы Тоқсан би (туған және өлген жылдары белгісіз) – «Дала данышпаны» атанып, туралығымен, әділдігімен үш жүзге аты жайылған би, шешен.
None
None
Әкесі Жабай Абылай ханның батырларының бірі болған, керей тайпасының басшысы. Тәтіқара ақын өзінің өлеңдерінде Жабай батырдың ерліктері туралы жырлады. Тоқсан бидің тұлға ретінде танылуына керей тайпасынан шыққан атасы Қара би көп ықпал етті. Ол немересін шешендік өнерге баулыды. Тоқсан би бала кезінен атасымен бірге жүріп, атақты шешендермен, билермен кездесті және ауызша сөз жарыстарға, сөз таластарға қатысты. Жас кезінен өз тайпасының ақылшысы болып қана қоймай, әділ биі бола білді. 15 жасынан бастап халық оны Төбе би, солтүстік өңір (Омбы, Петропавл, Көкшетау, Қостанай) қазақтарының бас биі деп атады. Алғашқыда Тоқсан би Ақмола округінің Еменәлі-Керей болысының биі, сосын Тобыл губерниясының барлық қазақ болыстарына би болды. Тоқсан би толғауларында ру араздығын мінеді, туыстық пен татулықты уағыздады, адамдардың ұнамсыз мінез-құлықтарын сынады. Оның «Ханға халықты тең ұстау парыз», «Алтын таққа жаманмен отырғанша, жақсымен отырған зындан артық», «Тоқсан тоқал алсаң да, бәйбішедей болмайды» сияқты ұлағаттары, арнау сөздері, қазаға көңіл айтқан жұбатулары ел жадында көп сақталған. Тоқсан бидің зиратының қайда екендігі бертінге дейін белгісіз болып келді. Көп жылғы ізденістің арқасында Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов атындағы ауданының Западное елді мекені маңынан Тоқсан бидің бейіті табылып, 2001 жылы тамыз айында басына граниттен ескерткіш қойылды. Ал 2006 жылы кесене тұрғызылып, Западное елді мекенінің атауы Тоқсан би ауылы деп өзгертілді. Петропавл қаласының бір көшесіне аты берілді. Деректерге қарағанда осы өңірді жаз жайлауына, қыс қыстауына айналдырған би «Есілдің арғы бетіндегі Қарауыл төбеге жерлеңдер. Түбінде осы жер тоғыз жолдың торабына айналады. Сонда ұрпақтарым еске алар» деп, ұрпақтарына өсиет қалдырған екен.Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 8 том Солтүстік Қазақстан облысы энциклопедиясы
Соңғы жаңалықтар