«Жабайы сауда жағдайды ушықтырып тұр» - республикалық басылымдарға шолу

***
Ұлттық Банк басшысы Григорий Марченконың пікірінше, бізге кемінде келесі жылдың наурыз айына дейін «әлемдік экономиканың жай-күйін кешуге» және шикізат тауарларына әлемдік бағалардың жоғары құбылмалылығы мен валюта бағамдарының тұрақсыздығы жағдайларында өмір сүруге тура келеді. Тиісінше, әлемдік трендтердің Қазақстан экономикасына әсер етуін күткен жөн. Осы шарасыз жағдайды халықтың көпшілігі түсінеді. Мәселе еліміздің экономикасы мен қаржы жүйесінің әлемдік нарықтардың құбылмалылығына қаншалықты дайын екендігінде, отандық қауіпсіздік жастықшасының беріктігі мен сенімділігі қалай бағаланады, республика өткен бірінші жартыжылдықта өзінің ішкі және сыртқы экономикалық ұстанымдарын нығайта алды ма деген сұрақтарда. Осы сауалдарды «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Г.Марченкоға қойған. Сұхбат «Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты әлемдік нарықтардың жоғары құбылмалылығын ескеруде» деген тақырыппен берілген.
***
«Ресей президенті В. Путин кеше ел өміріндегі елеулі оқиға болмаса да, өзекті мәселе болып табылатын «Жала жабу туралы» заңға қол қойды. Ол осы арқылы Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің «жала жабу» бабын қайта қалпына келтірді», - деп жазады «Айқын» газеті «Өтірік айтсаң өлдің...» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, кезінде Мемлекеттік Дума мен Федерация кеңесі мақұлдаған бұл заңда жұртты елең еткізген нәрсе, бұдан былай әлдекімдерге дәлелсіз жала жапқан азаматтар бес миллион теңгеге дейін айыппұл төлейтін болады. Заңның алғашқы нұсқасында мұндай әрекет үшін түрмеге қамау қарастырылған. Алайда бұл депутаттар тарапынан қолдау таппаған еді.
Сонымен қатар осы басылымда сенатор Қуаныш Айтахановпен арадағы сұхбат «Бәсекеге қабілетті болу - басты мәселе» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген халық қалаулысы: «Бүгінгі таңда азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мәселесі күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселе. Азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттауының басты себебі, тауар өндірушілер мен сатып алушылардың арасындағы делдалдардың көптігі. Біз осы делдалдарды барынша азайту бағытында жұмыс істеуіміз керек. Ол үшін тауар өндірушілер мен сатушылардың арасында тығыз байланысты ынталандыру шараларына көбірек көңіл бөлу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, дайындау, өңдеу, тасымалдау, сақтау, сату мәселелерін кешенді түрде дамыту, ішкі сауда нарығының инфрақұрылымын жетілдіру мәселелерін шешуіміз керек», -дейді.
***
«Ас - адамның арқауы» десек те, астан уланған жұрттың бүгінде қарасы көп. Әсіресе жазғы уақытта жеміс-жидектен, оның ішінде бала түгілі ересек адамның ауызының суы құритын қауын мен қарбыздан уланып қалғандар санының еселенуі алаңдатарлық. Себеп: еліміздің қай түкпіріне көз жүгіртсек те, жабайы сауданың дәурені жүріп тұр. Міне осы мәселе арқау болған мақала «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Жабайы сауда жағдайды ушықтырып тұр» деген тақырыппен берілген.
Есте болса, өткен жылы ақын, зерттеуші Қасымхан Бегмановтың «Мұстафа Шоқай жолымен» атты деректі фильмінің Өскеменде тұсаукесері өткен еді. Осыдан кейін аталған қалада жарық көретін «Флэш» атты газеттің бас редакторы Д.Данилевский мен С.Михеев өз басылымдарында М.Шоқайды «фашистермен сыбайлас» деп қаралап, екі мақала жариялаған болатын. «Алаш айнасы» газетінің жазуынша, жақында облыстық соттың отырысында ақынның шағымы қаралып, сотта жеңіп шыққан. «Облыстық сот «Флэш» газетінде жарияланған жөнсіз ақпараттарды жоққа шығарып, Бегманов мырзаға 100 мың теңге моральдық өтемеақы төлеп, сот шығындарын қоса жабуға міндеттеді», - делінген «Мұстафа Шоқайды қаралағандар сотта оңбай жеңілді» деген тақырыптағы мақалада.