Жабайы шошқа асыраған 70 жастағы алматылық жауапқа тартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының іргесіндегі үйлердің бірінде жабайы шошқа асыраған азамат жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жабайы шошқа асыраған 70 жастағы алматылық жауапқа тартылды

Аталған фактіні Табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері мақсатты іс-шара жүргізу барысында анықтады. Жабайы шошқа «Ақсай медик» бағбандық қоғамының үйлерінің бірінен табылды.

«Естеріңізге сала кетейін, Табиғатты қорғау заңнамасын бұзу, браконьерлік, биологиялық ресурстардың заңсыз айналымы фактілерін, сондай-ақ экологиялық қылмыстарды ашу фактілерін анықтау және жолын кесу мақсатында 20 қазан мен 19 қараша аралығында «Браконьер» жалпы республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шара шеңберінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық органдарымен бірлесіп жедел-іздестіру топтары құрылды.

Бұл жағдайда 70 жастағы азамат М. ҚР ӘҚбК-нің 389-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды.

Аталған өндіріс материалдары сот құзыретіне сәйкес шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі», – деді Наурызбай аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.