«Жабылып өлтірген»: Қызылордада марқұмның туыстары 12 адамның қатысын тексеруді талап етті
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордада адам өлімімен аяқталған қылмыстық оқиға қоғамның қызу талқысына түсті.
Қайғылы жағдай туралы ақпарат әлеуметтік желіде кең таралды.
— Бұл жазбаны көзіме жас алып, сөзбен жеткізу мүмкін емес жан күйзелісімен жазып отырмын. Менің туған інімді өлтіріп кетті. Оның өмірі қатыгездікпен қиылды. Ал біздің отбасымыз әлі күнге дейін бұл ауыр қазаға көндіге алмай келеді. Бізге белгілі ақпарат бойынша шабуылға 12 адам қатысқан. Ініме топтасып соққы жасаған. Соққы жүрек тұсына тиген. Алайда қазіргі уақытта тек үш адам ұсталған, — делінген Threads әлеуметтік желісіндегі жазбада.
Бұл жәйтке қатысты Қызылорда облыстық полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады.
— 8 қазанда Қызылорда қаласының тұрғынын өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған оқиға бойынша үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, — делінген хабарламада.
Марқұмның жақындары жігітті тек үш адам ұрғанына күмәнмен қарайды. Өйткені, олардың айтуынша, шабуылды 12 адамнан құралған топ жасағанын куәгерлер айтып бере алады.
— Егер куәгерлер шабуылға қатысқандардың саны бұдан әлдеқайда көп екенін айтса, неге тек үш адам ұсталған? Мен 12 адамның бәрі бірдей дәрежеде кінәлі деп отырған жоқпын. Бірақ әрқайсысының бұл оқиғадағы рөлі мұқият тексеріліп, куәгерлердің сөздері ескеріліп, осы ауыр қылмысқа қатысы бар бірде-бір адамның тергеу назарынан тыс қалмауын талап етемін, — деп жазды марқұмның әпкесі.
Полиция да бұл нұсқаны қарастырып жатқанын атап өтті.
— Тәркіленген барлық бейнежазба зерделенді, Оқиғаға өзге де тұлғалардың қатысы болуы мүмкін екені тексеріліп жатыр. Әрбір қатысушының рөлі мен қатысу дәрежесіне тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі, — делінген хабарламада.
Департамент басшылығы тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін, тергеу барысы ерекше бақылауда екенін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Қызылорда қаласында жасөспірімдер арасындағы жанжал бірінің өлімімен аяқталды.