Жәбірленуші Хамро Суванов Лилия Рахқа тағы да араша сұрады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қалалық сотының апелляциялық сатысына белгілі кәсіпкер Лилия Рах қосымша тергелуі үшін қайта әкелінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.
Оған қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша жәбірленуші Хамро Суванов сотқа айыпталушы Л. Рахпен татуласқанын дәлелдейтін арыз тапсырды.
«Оған қатысты ешқандай моральдық та, материалдық та шағымым жоқ. Мені полиция қызметкерлері құтқарған кездегі алғашқы арызымда көрсетілгендерді есепке алмауларыңызды сұраймын», деді жәбірленуші Х.Суванов.
Оның арызын сот қабылдады. Сотта куәлік берген жәбірленуші Хамро Суванов Мири Пазды істің басты ұйымдастырушысы ретінде тағы да атап көрсетті.
Еске сала кетейік , 2016 жылдың 10 қарашасы күні сот үкімімен Лилия Рах ҚР ҚК 125-бабының 2-бөлігі, 1,8-тармақтарындағы қылмысты жасағаны үшін (жеке мақсаттары үшін адамдар тобымен алдын ала сөз байласа отырып адам ұрлау) айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Сотта Лилия Рахқа аталған қылмысты жасағаны үшін ең төменгі жаза тағайындалғаны айтылған еді.
Іске қатысты айыпталушылар Паз, Шалбаев және Мисиров ҚР ҚК 125-бабының 2-бөлігі, 1,3,8-тармақтарындағы қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылған болатын. Сот үкімімен Паз 7 жыл 6 айға, Мисиров пен Шалбаев әрқайсысы 8 жылға сотталған.
Айта кетейік, жәбірленуші Х.Суванов Мири Пазға барынша қатаң жаза қолданылуын талап етпек.
Белгілі кәсіпкер Лилия Рах 2016 жылдың 27 шілдесінде Алматыда тұтқындалған.