Жәбірленушіге ақша аударған азаматқа қатысты іс тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Елорда тұрғыны сот актісін орындау мақсатында жәбірленушінің банк деректемелерін пайдаланып ақша аударғаны үшін «дербес деректерді заңсыз жинау» бабы бойынша сотталған еді. Алайда кассациялық сот бұл деректемелердің жеке немесе отбасылық құпияны құрайтын мәлімет емес екенін және жәбірленушіге елеулі зиян келтірілмегенін анықтап, істі қылмыстық құрамның болмауына байланысты тоқтатты. Бұл туралы Прокуратура мәлім етті. 

Бас прокуратура
Фото: Бас прокуратура

— Елорда тұрғыны өкілдік шығындарды өндіру туралы сот актілерін орындау мақсатында жәбірленушіге ақша қаражатын аударған. Ол үшін оның банк реквизиттерін пайдаланған. Бұл әрекеттер сот шешімін орындауға және жәбірленушінің пайдасына ақша аударуға бағытталған. Алайда кейін бұл деректемелерді алғаны қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды, — делінген хабарламада. 

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар оны дербес деректерді заңсыз жинағаны үшін кінәлі деп танып, айыппұл тағайындаған.

Кассациялық сатыда прокурор оның әрекеттерінде осы қылмыстық құқық бұзушылық құрамының міндетті белгісі –жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру жоқ екенін көрсетті.

— Кассациялық сот прокурордың қорытындысымен келісіп, банк деректемелері дербес деректерге жататынын, алайда өздігінен жеке немесе отбасылық құпияны құрайтын жеке өмірге қатысты мәліметтер болып саналмайтынын анықтады, — деп хабарлады құзырлы органнан.

Сонымен қатар іс бойынша жәбірленушіге елеулі зиян келтірілгені дәлелденбеген. Керісінше, банк деректемелері сот актілерін орындау үшін оның пайдасына ақша аударуға пайдаланылған.

Нәтижесінде сот актілерінің күші кассациялық сотпен жойылып, әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды.

Бұған дейін патронды сақтағаны үшін сотталған азаматқа қатысты іс тоқтатылды.