Жабық кешендегі Азия чемпионаты: Қазақстан бірінші орында
АСТАНА.ҚазАқпарат - Иран астанасы Тегеран қаласында өтіп жатқан жабық кешендегі Азия чемпионатының екінші жарыс күнінің таңертеңгі бағдарламасы аяқталды. Қазақстан құрамасының қоржына тағы 5 медаль түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Жеңіл атлетика федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап.
AFRK-ның хабарлауынша, 2 ақпан күні таңертеңгі бағдарламада 6 атлетші қыздарымыз финалда өнер көрсетіп, 3 алтын және 2 күміс медаль еншіледі.
400 метрге жүгіруде Светлана Голендова (53.28 секунд) мен Элина Михина (53.49 секунд) алтын мен күмісті өзара бөлісті. Ал 60 метрге жүгіруде Виктория Зябкина 7.39 секундпен мәре сызығын екінші болып кесіп, құраманың екінші күміс медалын еншіледі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 60 метрге тосқауылдар арқылы жүгірген Әйгерім Шыназбекова қазақ қыздары арасынан алғаш болып, жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Әйгерім Тегранда аталған қашықтықты 8.32 секундта бағындырды.
Ел қоржынына бесінші алтынды сырықпен секіруші Анастасия Ермакова салды.17 жастағы спортшы Тегеранда 3.70 метрге секіріп, жеңімпаз атанды.
Айта кетейік, байрақты бәсекенің бірінші күні қыздарымыз 3 медаль (2 алтын,1қола) жеңіп алған болатын. Екі жарыс күнінің қортындысы бойынша, ел құрамасы 5 алтын, 2 күміс және 1 қола медальмен командалық есепте бірінші орында келе жатыр.