Жадыраевтың күмісінен кейін Қазақстан медаль кестесінде екі саты көтерілді
ПАРИЖ. KAZINFORM — Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Демеу Жадыраевтің күміс жүлдесінен кейін Қазақстан құрамасы жалпы медальдар кестесінде бір-екі саты жоғары көтерілді.
Нақтырақ айтсақ, кеше 30-орында тұрған Қазақстан құрамасы Жадыраевтың күміс жүлдесінен кейін бірден 28-орынға көтерілді.
Әзірге ел қоржынында 1 алтын, 2 күміс, 3 қола (6) медаль бар.
Естеріңізге сала кетсек, Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 11 тамызда мәресіне жетеді.
Ойынға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысуда. Олимпиадашылар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр.
Енді санаулы сәттерден кейін бокстан ерлер арасында 80 келі салмақта Нұрбек Оралбай шаршы алаңға шығады.
Ол украиналық Александр Хижнякпен алтынға таласады.