«Жағалау күзетінде» браконьерлер құрықталды

Осы мақсатта казақстандық шекарашылар ресейлік әріптестерімен бірлесе отырып, жылына екі рет біріккен жедел-сауықтыру іс-шарасын (БЖСІ) өткізуді дәстүрге айналдырып отыр.
Қазіргі таңда аталған іс-шараның екінші кезеңі өткізілуде, яғни, жағалау күзетінің кемелері мен шекаралық авиациясы Каспийдің қазақстандық бөлігіне күшейтілген бақылау жүргізіп, нәтижесінде браконьерлердің жүзу құралдарын ұстауда.
Бір тәулік ішінде қазақстандық шекарашылар жылдамдығына көз ілеспейтін 4 «байда» жүзу көлігіне мінген 11 шекара бұзушыны ауыздықтады.
Нәтижесінде, заңсыз жүрген балықшылардан ұзындығы 5500 метр болатын балық аулау құралдары, 62 дана бекіре тұқымдас балық (олардың 59 өлі күйінде), сондай-ақ 1 тюлень алынды.
Жүзу құралдарының барлығын ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Ми-8 тікұшағы анықтағандығын ерекше атап өткен орынды.
Шекарашылардың тоқтау туралы талабына құлақ аспаған браконьерлердің үлкен жылдамдықпен көршілес мемлекеттің аумағына қарай зымырай жөнелді. «Сақшы», «Егемен» атты шекара катерлері оларды қуып жетіп, тоқтауға мәжбүр етті.
Ұсталғандардың жеке бастарын айғақтайтын куәліктері, жүзу құралдарының құжаттары болмай шықты. Ауызша айтуларына қарағанда өздері Ресей Федерациясы, оның ішінде Дағыстан Республикасы мен Астрахань облысының тұрғындары болып шықты.
Ұсталғандар Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Баутино елдімекеніне жеткізілді. Жеке бастары анықталғаннан кейін оларды қылмыстық және әкімшілік жазаға тарту мәселелері қарастырылатын болады, - деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен хабарлады.