Жағажай волейболшылары Таиландтағы Азиялық турды сәтті бастады

АЛМАТЫ. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Таиландтың Нахон Шри Тамарат қаласында жағажай волейболынан «Ханом Оупен» Азиялық туры басталды.

Жағажай волейболшылары Таиландтағы Азиялық турды сәтті бастады

Оған ерлер арасында - 29,  әйелдер арасында - 20 команда қатысуда. Үш күнге созылатын байрақты бәсекеде ел намысын ерлер мен әйелдер арасында екі-екіден төрт команда қорғауда.

Жарыстың алғашқы күні ерлер мен әйелдер сынында «Қазақстан-1» командалары (Алексей Сидоренко мен Александр Дьяченко, Татьяна Машкова мен Ирина Цимбалова) екі кездесуден өткізіп, оның бәрінде жеңіске жетті. Ал «Қазақстан-2» командасынан  Дмитрий Яковлев пен Алексей Кулешов  3 кездесу өткізіп, оның біреуінде ғана жеңіліс тапты. Ал Бақтыгүл Самалықова мен Любовь Богату 1 кездесу өткізіп, оны 2:0 есебімен өз пайдасына шешті. Қазақстандық спортшылар ертең жарысты одан әрі  жалғастырады. Егер бұл сынды сүрінбей өтсе, сәрсенбі күні жартылай және ақтық финалда жүлделі орындар сарапқа салынады.

Қазақстан волейбол федерациясының баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, олар бұл жарыстан  кейін осы елде өтетін тағы бір Азиялық турға қатысады. «Самила Оупен» деп аталатын байрақты бәсеке Сонгкхла қаласында өтеді.