Жағажай волейболы: Әлем чемпионатының 3-ші күні қазақстандықтар жеңілістің ащы дәмін татты
Мәселен, топтық сындағы ақтық ойынын өткізген Татьяна Машкова мен Ирина Цимбалова нидерландылықтарға 1:2 есебімен ұтылып, «Д» тобында 3-ші орынды қанағат тұтты. Өз тобында 1-2 орынды еншілеп 1/16 финалға жолдама алған 24 командамен қатар енді көрсеткіші жоғары тағы 8 командаға қосымша мүмкіндік берілмек. Қазақстандықтардың оның қатарына ену-енбеуі бүгін белгілі болады.
Алғашқы ойында ресейліктерден басым түскен Алексей Сидоренко мен Александр Дьяченко - поляктардың, ал бұған дейін бразилиялықтарға есе жіберген Дмитрий Яковлев пен Алексей Кулешов австриялықтардың осал тұсын таба алмады. Бүгін енді топтық сындағы соңғы ойынын Алексей мен Александр - неміс, Дмитрий мен Алексей чех спортшыларымен өткізеді. Кеше өз қарсыласынан немістер 2:0 есебімен басым түссе, чехтар дәл осындай есеппен жеңіліс тапқан болатын.