Жағажайды кісі өлімі тіркелгенде ғана тексере аламыз — министр

жағажай
Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Судағы өлім-жітімнің 95% шомылуға тыйым салынған орындарда тіркеледі. Алайда рұқсат етілген орындарда да адам өлімі болады. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов тексеру жұмыстарын күшейтуді ұсынып отыр. 

«Суға батып кеткендердің 95% шомылуға тыйым салынған орындарда тіркеледі. Осылайша әкімдіктермен бірлесіп, суға шомылу мен демалуға рұқсат етілген орындарды жылдан-жылға ұлғайтып жатырмыз. Оның саны бүгін 708-ге жетті және бәрі 2GIS платформасында орналасқан», — деді Ш. Әрінов Үкімет отырысында. 

Маусым айының соңына дейін қосымша тағы 33 жағажай ашылады. Дегенмен, олардың саны әлі де жеткіліксіз.

«Кейбір жағажайлар белгіленген талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес келмейді, соның салдарынан жазатайым оқиғалар болады. Мысалы өткен жылы рұқсат етілген демалыс орындарында 5 адам суға батып кетті. Тағы бір тоқталатын жайт, демалушылар белсенді түрде гидроциклдерді пайдаланады, ал оларды дұрыс пайдаланбау қаза болу қаупіне әкелуі мүмкін», — деді ТЖ министрі. 

Ішімдік ішіп, мас күйде суға шомылу адам өліміне әкелетінін ескеріп, министрлік полициямен бірлесіп рұқсат етілген және тыйым салынған орындарда патрульдеу мен рейдтер өткізеді.

Жыл басынан бері 26 мыңнан аса осындай шара жүргізіліп, құқық бұзған 3 мыңға жуық адам, биылғы 1 маусымнан бастап — 49 адам әкімшілік жауапқа тартылды.

Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, министрлік жағажайларға адам өлімі фактілері тіркелген жағдайда ғана тексеру жүргізе алады.

Осыған байланысты әкімдіктер рұқсат берген кезде демалыс орындарының инфрақұрылымын бақылауды күшейту қажет.

Сондай-ақ, Көлік министрлігі шағын көлемді кемелерді тексеруі керек.

«Өткен жылдан бастап Алматы және Павлодар қалаларының әкімдіктері пилоттық режимде суға батқандарды ерте анықтау жүйесін іске қосты. Бейнебақылау мен мониторинг жасаудың осындай жүйелерін барлық өңірлерге, әсіресе тыйым салынған жерлерге орнату қажет. Бұл адам өлімін азайтуға мүмкіндік береді», — деді Ш. Әрінов.

Соңғы жаңалықтар