Жағажайлардағы қауіпсіздік: 24 құқық бұзушы жауапқа тартылды
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысының прокуратурасы жағажайлардағы қауіпсіздікке бақылауды күшейтті.
Прокуратураның бастамасымен уәкілетті орган азаматтардың және кәмелет жасқа толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жеке және коммуналдық жағажайларға тексеру жүргізді.
Тексеру нәтижесінде 24 субъект Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 412-бабы бойынша (су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе сақтамау) әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Қала тұрғындары мен қонақтарының демалуы үшін қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау мақсатында «Солдатский» коммуналдық жағажайы заңнама талаптарына сәйкестендірілді.
Жалпы азаматтардың және кәмелет жасқа толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 37 млн теңге бөлінді (құтқару бекетін салуға 24 млн теңге, 15 құтқарушының жұмысын ұйымдастыруға 13,5 млн теңге).
Айта кетелік павлодарлық құтқарушылар бұдан былай жағажайдағы қауіпсіздікті дронмен бақылайтыны туралы жазған едік.