Жаһандану заманында еуразияшылдыққа салынып, Астананың ұлттық бейнесін жоғалтып алмау мәселесін назарда ұстау қажет - итальяндық сәулетші Г. Тальявенти

АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстан сәулетшілері Астанаға еуразиялық қала бейнесін бере алды. Дегенмен, жаһандану заманында еуразияшылдыққа салынып, Астананың ұлттық бейнесін жоғалтып алмау мәселесін де назарда ұстау қажет.
None
None

Бүгін Астанада әлемнің атақты сәулетшілері мен Қазақстанның жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторларымен кездесуі кезінде итальяндық сәулетші Габриеле Тальявенти осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тағы бір шетелдік сәулетші Хиджас бин Кастури, итальяндық әріптесімен келісе отырып, Батыс пен Шығыстың элементтерін қолданбай, қаланың дамуына бастар жолды табу қиын екендігін де атап көрсетті. «Себебі, Батыста жаңа технология бар. Технологияның өзі өркендеуге жол ашатын құралдардың ең негізгісі», дейді ол. «Дегенмен, елорда құрылысында технологиядан бөлек, ұлттық эстетика мен мәдениеттің дамуы қатар жүруі тиіс», деп ағынан жарылды Х. Кастури.

Астанаға сапармен келген ресейлік сәулетші Юрий Платонов, малайзиялық маман Хиджас бин Кастури және Италия елінің қала салушысы Габриеле Тальявенти, ҚР Президенті жанындағы Астананың Сәулетшілер кеңесінің жұмысына қатысқан болатын. Олар елордада салынуы тиіс бірқатар нысандардың сәулеттік жобаларымен танысты. Жалпы кеңес қарауына 83 жоба мен сызбалар келіп түсті. Олардың арасынан ең үздік деген еңбектер таңдалып алынды.

Өз жобаларын ұсынғандардың қатарында отандық сәулетшілермен қатар, Жапония, Италия, Голландия, Бельгия, Литва, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Украина, Армения мемлекеттерінен 22-ге жуық шетелдік мамандар бар.

Астана қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы, Президент жанындағы Елорда сәулеті кеңесінің хатшысы Сәрсембек Жүнісовтің айтуынша, байқауға қатысқан сәулетшілерге қойылатын басты талаптардың бірі - жобаларда ұлттық нақыш, халықтық бейненің болуы. Сондықтан да кеңес мүшелері осы талаптарға сай келетін жұмыстарға басымдылық берді.

Соңғы жаңалықтар