Жаһандану заманында ұлт тарихын әлемге таныту маңызды - тарихшы-ғалым
Тарихшының айтуынша, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында әлем өркениетінде орнын алуға ұмтылған Қазақстанның ұлы мұраттарын жүзеге асыруды көздеген заманауи ұсыныстарға толы мәселе қозғалып отыр. Сонымен қатар, соңғы жылдары «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» бағдарламалары, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ұлттық тарихымызды танытып, насихаттауға бағытталған іс-шаралар кеңінен қолға алынды. Ал Елбасының кезекті бағдарламалық мақаласы арқылы ұлттық тарихымызды таныта түсуге серпін берілмек.
«Бұған дейін жүргізілген іс-шаралар негізінде ата-бабаларымыздың қоршаған ортамен етене өмір сүріп, табиғаттың ажырамас бөлігі ретінде бес мыңжылдық өркениетінің қанат жайып, бүгінгі күнге дейін сақталғаны анықталды. Сондықтан Елбасының жаңа мақаласын бұған дейінгі зерттеулерде дәлелденгендей, ұлтымыздың тарихи өркениетті дамуы мен қалыптасуы жолын әлем елдеріне мойындатуға бағытталған аса құнды пікірлер ретінде қабылдадық», - дейді ғалым.
Әсіресе, мақалада айтылған «Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуы тиіс, мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи археологиялық қозғалыстар құрудың маңызы» туралы ойлары өте орынды. Бұл ретте тарихшы: «Көшпелі өркениеттің ошағы қазақтың дархан даласында әлі күнге дейін сайрап жатқанын ескерсек, онда өңірлердегі тарихи-мәдени ескерткіштерді танытуды жасөспірім буынның бойына сіңіруден бастаудың орынды екеніне еш күмән жоқ», - деген пікірін айтады.
Сонымен бірге мақалада көтерілген «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты энциклопедиялық саябағын орнату, тарихи тұлғалардың бейнесінің маңызды галереясын жасау, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік сериялар шығару, википедия үлгісінде Қазақстанның модераторлығымен түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасы мен «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялық музейін ашу, жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құру және Ұлы даланың бай мифологиялық, фольклорлық материалдарын пайдаланып, түрлі жанрдағы сапалы фильмдер түсіру арқылы тарихи тұлғаларымызды әлемге паш ету, таныту идеялары заман талабына сай беталысымызды көрсетеді.
«Мемлекет басшысы аталған шараларды тек қазақстандық қана емес, шетелдік мамандармен бірлесе отырып жасалуын талап етуі отандық технологияның жаһандық үрдіске сай қамдануының, үздік тәжірибеге негізделіп, сапалы орындалуының кепілі болмақ. Сондықтан жоғары кәсіби білім беру саласының маманы әрі тарихшы ретінде өз ойым: ұлттық тарих пен рухани құндылықтарымыз бұған дейін де мемлекеттік деңгейде зерттеліп, зерделеніп, әлем елдеріне таныстырылып келсе, енді сол жаһандық мемлекеттер арасында өзінің лайықты тарихи орнын алу бағытында аса ауқымды мақсат қойылып отыр. Ендеше, ұсынылып отырған «Ұлы даланың жеті қыры» идеясын қолдап, барынша жүзеге асыруға әрқайсымыз үлес қоса білсек, бұл тарих сахнасында Қазақстан атты алып мемлекетті қалыптастырып, ұрпаққа мұра етіп қалдырған даңқты тарихи тұлғаларымыздың еңбегінің өтеуі болмақ деп есептейміз», - деді А.Байболсынова.