Жаһандық дағдарыстың теріс әсерінен қазақстандықтарды халықтық реформаларды жүзеге асыру қорғайды - Қазақстанның шығармашылық одақтары
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның шығармашылық одақтары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлықтау рәсімінен кейін Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне ресми түрде кірісуімен құттықтап, Елбасы ұсынған 5 институционалдық реформаға өз қолдауларын білдірді.
Айта кетейік, Қазақстанның шығармашылық одақтары құрамына Қазақстанның композиторлар одағы мен Қазақстан дизайнерлері одағы кіреді.
«Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Шығармашылық зиялы қауым өкілдері Сізді Қазақстан Республикасының Президентінің қызметіне ұлықтау рәсімінен кейін ресми түрде кіріскеніңізбен құттықтайды!
Сіз атап өткен бес институционалдық реформаны жүзеге асыру - елдің қазіргі даму кезеңіне уақытында ұсынылған және маңызды үрдіс деп есептейміз. Сіздің басшылығыңызбен еліміз қарқынды дамып келеді, әр азамат мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығын сезінеді.
Халықтық реформалардың жүзеге асырылуы қазақстандықтарды жаһандық дағдарыстың мемлекеттік құрылымға тигізуі мүмкін теріс әсерінен қорғайды деп сенеміз. Бұл шаралар Қазақстанның даму үрдісін сақтап, ең дамыған 30 елдің қатарына енуге септеседі», деп атап өтілген құттықтауда.
Сондай-ақ шығармашылық зиялы орта қауымының пікірінше, жаңа форматтағы тиімді мемлекеттік аппарат, құқық қорғау және сот жүйесі меритократия қағидаты негізінде этносына қарамай, өзін-өзі жетілдіруге тең мүмкіндіктер берілетін әділ қазақстандық қоғамның түп-тамырына айналады.
«Сіз ұсынған индустрияландыру реформасы экономиканың әртараптануын қамтамасыз етеді. Аграрлық сектор, шағын және орта бизнес, елдің экспорттық әлеуетінің дамуы алға жылжиды. Рухани құндылықтарды біріктіретін реформаның да орны бөлек. Жалпыұлттық идея қазақстандық халықты біріктірді, бірігіп біз кез-келген қиындықтардан жеңе аламыз!
Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстанның шығармашылық саласындағы тұлғалары атынан қамқорлығыңыз үшін алғыс айтып, Сіздің басшылығыңызбен еліміз өркендей берсін дегіміз келеді», деп түйінделген құттықтау хатта.