Жаһандық саммиттегі Н. Назарбаевтың ұсыныстары Қазақстанға да аса зор жауапкершіліктер жүктейді
АСТАНА. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Жаһандық саммиттегі Н. Назарбаевтың ұсыныстары Қазақстанға да аса зор жауапкершіліктер жүктейді.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан-бейбітшілік елі» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел барысында Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жақында ғана Вашингтон қаласында өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте сөйлеген сөзінде Елбасы Н. Назарбаев ядролық қарудың алапат қуатынан барынша зардап тартқан ел ретінде Қазақстанның жер бетінде қауіпсіздік пен татулықты орнатуды жақтайтынын мәлімдеді. Сонымен бірге, бұндай қадамды дамыта түсу үшін бірнеше нақты ұсыныстар айтты. Бұлардың қатарында ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын қабылдау мәселесі де бар. Бұл халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін құру жолындағы аса маңызды ұсыныс», деді Ж. Кәрібжанов.
Сонымен бірге, вице-спикер жаһандық саммит барысында АҚШ Президенті Б. Обаманың қазақстандық ұстанымды жоғары бағалағанын әрі Қазақстан ядролық қаруды таратпау жөніндегі АҚШ-тың ең сенімді стратегиялық әріптесі болып отырғанын жеткізді.
«Жалпы, Елбасының жаһандық саммитте көтерген ұсыныстары қазіргі қалыптасқан жағдайды жақсарту тұрғысынан басшылыққа алынатын бағыт ретінде үлкен халықаралық қолдауға ие болды. Сонымен бірге, бұл ұсыныстар Қазақстанға да аса зор жауапкершілік жүктейді. Қазақстан осы ұсыныстардың бастамашысы ретінде оларды барынша ілгерілетуге күш салуы керек. Бұл бағытта Парламент депутаттары да белсене атсалысуға тиіс», деді Ж. Кәрібжанов.