Жаһандық тауар ағындары айтарлықтай өзгерді – Президент
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен жылғы оқиғалар «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізін дамытудың маңыздылығын айқын көрсетті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты Еуразиялық экономикалық форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Расында да, біз 2020 жылы Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын қабылдадық. Негізінен бұл не істелгенін және не болатынын бағамдау болды, мақсаттар мен міндеттерді өзектендірудің бір түрі десе болады. Әрине, ЕАЭО-ның орасан зор географиялық ауқымын назарға ала отырып, инфрақұрылымдық байланысты дамыту аса маңызды басымдықтардың бірі болды және бола береді де», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мұнда бірден екі деңгейде: одақішілік – көлік және коммуникация саласындағы қатысушы елдердің интеграция желісі бойынша және халықаралық – көлік және логистика саласындағы үшінші елдермен ынтымақтастықты дамыту және халықаралық күн тәртібін іске асыру шеңберінде жұмыс жүргізіледі.
Сондай-ақ, Қ. Тоқаев жаһандық тауар ағындарының айтарлықтай өзгерген көрінісін ескере отырып, қазір барлық аймақта мүмкіндігінше жаңа бағыттарды бақылау мен құру өте маңызды екенін атап өтті.
«Біздің Шығысымызда континенттік стратегиялық байланысты құру жөніндегі жарқын және ауқымды бастамалардың бірі – Қытай Халық Республикасының»Белдеу және жол«жобасы.
Солтүстік-Оңтүстік желісі бойынша сауда-экономикалық өзара іс-қимылға сұраныс бірнеше есе күшейе түсті. Біз негізінен осы процестердің орталығындамыз. Өткен жылғы оқиғалар «Жаңа жаһандық логистиканың» негізгі элементі ретінде «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізін дамытудың маңыздылығын тағы да айқын көрсетті. Бұл меридиандық дәліз ендік «Транскаспий халықаралық көлік маршрутымен» келісіледі. Сондықтан біз екі маршруттың үйлесімді және жүйелі дамуында айтарлықтай синергияны көреміз», - деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, бұл өнеркәсіп, көлік және экономика үшін өсу нүктесі ғана емес, бұл маршруттар Үлкен Еуразия ішіндегі өзара іс-қимыл мен кооперация деңгейін түбегейлі өзгерте алады.