«Жаһандық жылыну: соңғы мүмкіндік» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 28 қараша, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында Тұңғыш Президент күніне орай бірқатар мақала топтамасы беріліп отыр. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетіне Сыртқы істер министрлігі арқылы әлемдік геосаясатта үлкен өзгерістер жасалған тұста, өткен ғасырдың 90-шы жылдарында сол кездегі Германия Демократиялық Республикасының Үкіметін басқарған, бүгінгі таңда Германияның «Солшылдар партиясының» ақсақалдар алқасының төрағасы Ханс Модров еліміз туралы, Елбасымыз туралы мақаласы келіп түскен. Тарихтың тар кезеңін көрген, Қазақстанның қазіргі деңгейін, Елбасымыздың ерен еңбегін сырт көздің сыншылығымен бағалауға мүмкіндігі бар саясаткердің мақаласын «Егемен Қазақстан» оқырмандарының назарына «Қазақстанның әсерлі серпілісі бізді сүйсіндіреді» деген тақырыппен ұсынып отыр. Мақала авторының пайымынша, Қазақстан өз даму кезінде басқа республикалар мен жалпы КСРО жасаған үлкен қателіктерді айналып өтіп, өзінің табиғи, материалдық және әлеуметтік ресурстарын үдемелі табыспен пайдалануда. Мемлекет жеріндегі пайдалы қазбалар тізімі өте кең және әртүрлі. Олардың экспорты және өз мемлекетінде өңделуі әлеуметтік-экономикалық прогрестің тұрақты негізі болып табылады. «Мемлекеттіліктің құқықтық негізін қамтамасыз ету мақсатында қазіргі заманғы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру мақсатында Президент Назарбаевтың жария еткен «100 нақты қадам» реформасы, келешек көпұлтты мемлекеттің экономикасы мен индустриялық дамуының тиімді өсуінің игілігіне көп үміт артады. Қазақстанның әсерлі серпілісі бізді сүйсіндіреді», - деп жазады ол.

«Франция астанасы Парижде өтетін климат жөніндегі жаһандық конференция қарсаңында Жер шары қызып барады. «Жаһандық жылыну қатері» аңыздан ақиқатқа айналды. Бірақ табиғатқа шекесінен қарайтын адамзат күнделікті тіршілік күйбеңіне кіріптарлықтан шыға алмай, жаһандық жылынуды дақпыртқа балап, уақытты өткізіп алды. Адамзат баласы мен Табиғат-ананың айқасы жанайқай шегіне жетті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Жаһандық жылыну: соңғы мүмкіндік» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, 2002 жылдан бері Гренландия мұздығына екі жасанды спутник тұрақты бақылау жасап келеді. Зерттеулер көрсетіп отырғандай, Гренландия мұздағы өте жылдам ери бастады. Жыл сайын 250 миллиард тоннадан астам гренландиялық мұз суға айналып, Атлант мұхитына қосылып жатыр. Қанадалық ғалымдардың деректері бойынша, Арктиканың мұз қабаты соңғы 15 жыл ішінде 40 пайызға тарта азайған көрінеді. Бұл мұздақтардың ери бастауы мұхиттардағы су деңгейінің көтерілуіне әкеліп соқтырғаны қазір күмән келтірмес ақиқатқа айналды. «Ғалымдардың зерттеуі көрсетіп отырғандай, 1993 жылдан бері Әлем мұхиттарының деңгейі жыл сайын 3,2 миллиметр жылдамдықпен көтеріле бастапты. Оған дейін бұл көрсеткіш 1,2 миллиметрден аспай келген болатын. Бұл дегеніміз, 2100 жылдарға таман Әлем мұхиттарының деңгейі қазіргі мөлшерден 0,5-2 метрге дейін жоғарылайды деген сөз. Яғни алдағы 50-70 жыл көлемінде дүниежүзіндегі ондаған мегаполистер мен бүтін бір мемлекеттер су астына кетеді, делінген мақалада.

***

«Нұр Отан» партиясының баспасөз орталығында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде желтоқсан айының 4 жұлдызында өтетін ІІІ Астана интернет-форумына қатысты брифинг ұйымдастырылды. Осы шара арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Қазақтілді сайттардың мәселелері басты назарда» деген тақырыппен берілген. Мәслихат барысында Журналистика мәселелерін зерттеу институтының қызметкері Бэлла Орынбетова KazNIC қазақ ақпарат торабының қарашаға дейінгі дерегі бойынша, Қазақстанда kz, kaz домендерімен тіркелген 124 мың сайт бар екенін, олар заң бойынша БАҚ болып саналатынын, алайда бұл сайттардың бағыты мен мақсаты қандай дегенге жауап табу қиын екенін алға тартып: «Sanaq.kz сайты Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры Намазалы Омашевтың бастамасымен еліміздегі қазақтілді сайттардың негізгі бағытын, аудиториясын анықтау және статистикасын көрсету мақсатында құрылды. Бұл сайттағы ақпарат 15 минут сайын жаңарып тұрады және сайтқа кім, қайдан, қалай кірді, қандай әлеуметтік желілерді қолданды деген сұрақтардың жауабын біліп отыруға болады. Ерекше атап көрсетерлігі, бұл сайтта рейтинг жинау үшін қолданушылардың санын жасанды әрекеттермен көбейтуге мүмкіндік берілмейді. Сондықтан бұл нақты ақпарат беретін статистикалық сайт деп сеніммен айта аламыз. Sanaq.kz сайтының жұмысын насихаттау үшін біз ақпараттық сайттар, корпоротивтік және жеке сайттар, салалық сайттар, қоғамдық-әлеуметтік сайттар, мекемелер мен ұйымдардың сайттары деген аталымдар бойынша қазақтілді сайттар арасында бәйге жариялап отырмыз. Байқауға қатысу үшін қарашаның 25-іне дейін iforum.kz сайтындағы тіркелу формасын толтыру немесе Sanaq.kz сайтына өтіп тіркелу қажет. Айта кетейін, Sanaq.kz-те бұрыннан тіркелген сайттар байқауға автоматты түрде қатысады. Жеңімпаздар тізімі барлық республикалық БАҚ-та жарияланып, оларға ақпараттық қолдау көрсетіледі», - деді.

«Кеше, «КЕGОС» АҚ басшылығы өздеріндегі кадрлық резервпен, яғни өз ісінің озық үлгілі үздіктерінен таңдалған «ТОП-25» тізімінің өкілдерімен кездесті. Аталған компанияның директорлар кеңесі мен басқарма мүшелері және арнайы жасақталған құрамдағы қатарластарынан оза шапқан білікті мамандар өзара ашық сұхбат құрып, өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты», деп жазады «Айқын» газеті «КЕGОС-тың табыс кілті - ТОП-25-те» деген тақырыптағы мақаласында. «ТОП-25 кадрлық қоры дарындыларды анықтау жобасы шеңберінде таңдаудан өткендер қатарынан қалыптасты. Бұл жоба «Самұрық-Қазына» АҚ пен Корпоративтік университет тарапынан қойылған мақсаттар мен міндеттерді атқару аясында жүргізілуде. Бір ай ішінде KEGOC-тың бағалау сатыларынан өту үшін іріктелген 50 еңбеккерден вербальды және сандық тест, жеке сауалнама бойынша скрининг, әрі құзыреттілігі бойынша өткізілген сұхбатта жоғары көрсеткішке жеткен 25 еңбеккер таңдап алынды», - деп түсіндірді «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев.

Соңғы жаңалықтар