Жақау Дәуренбековтің «Ойдауа» деген толғамдар жинағы жарық көрді
АЛМАТЫ. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда жазушы, публицист, баспагер Жақау Дәуренбековтің «Ойдауа» деп аталатын толғамдар жинағы жарық көрді. Онда қаламгердің әр тақырыпта жазған дүниелері - тірліктің сан тақырыбына көңілге түрткі болған түрлі сипаттағы ойтолғамдары жазылған.
Кітаптың беташарындағы «Ойдауа» деген өлеңінде қаламгер - Адамның ой аулап, ой кешпейтін кезі бар ма?! Оймен бірге оянасың, Оймен бірге тұрасың, Оймен бірге жүресің, Оймен бірге самғайсың, Оймен бірге аңдайсың. Оймен жауап іздейсің, Оймен сауап істейсің, Оймен бірге осылай өмір сүресің Ойың осылай санаға серік, жаныңа жұбаныш болар Ойдауаға айналады екен дейді.
Ж. Дәуренбековтің айтуынша, бұған дейін олардың кейбірі мерзімді баспасөз құралдарында жарияланып, бірқатары бұрынғы жинақтарына енген болатын. Бұл жолы олардың басы қосылып, жеке жинақ болып топтастырылып отыр. Қазір оқырмандардың көбі жаңа технологиялардың қалыптасуына орай көлемді үлкен шығармалар оқуды азайтып келе жатыр. Сондықтан бұл кітапты өмір сүру салтымыздағы жаңа өзгерістерге және оқырманның талап-талғамына сәйкес шығарылып отыр деуге болады. Оған автордың әр жылдары жазылған - «Біздің қалада қырандардан қырандар көп». «Кез-келген саяси анекдоттың авторы болмаса да факторы барын мойындайық». «Өткір анекдоттың өзі өмірлік үкім». «Ақылға адвокаттың қажеті жоқ». «Біздің кемшіліктерді көп білетініміз сонша өз кемшілігімізді айтуға өмір бойы уақыт жетпейді». «Бір мемлекеттің бір мемлекетке ақыл айтуы аюдың тышқанға ақыл айтқанымен бірдей». «Ашық айту - ашық қоғамның атрибуты, жабық қоғамның аллергиясы» «Даудың нүктесі - шындық» деген сияқты ойтолғамдары енген.