Жақсы жол – елге жора

АСТАНА. KAZINFORM – Өмірдің бір өзегі – жол. Мұны айтуымыздың себебі, халықтың тағдыр-талайының бір парасы жолмен келіп тоғысады. Осы ретте жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері Жанұзақ Аязбековтің жол туралы ойтолғамын назарларыңызға ұсынамыз. 

Жақсы жол – елге жора
Фото: Жанұзақ Аязбековтің жеке мұрағатынан

Жақсы жол — елге жора. Ырыс-несібеміздің кемдігінің бір ұшы осы жолда жатыр. Шындығы сол, ұлан-ғайыр даламыздағы тозған жолдың азабынан алыстағы ағайынға жете алмай, қатынасы үзіліп пұшайман халге түсетін жағдайларға әлі күнге дейін куәміз. Сондықтан ұлтымыздың ішкі тұтастығы мен бірлігін, ұйыстырудың қайнар көзі осы барыс-келіске, бақуатты тірліктің көзі алыс-беріске атүсті қарамағанымыз абзал. 

Мемлекет басшысы Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырғанын айтқан еді. Салынатын жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартатыны да көңілге қуаныш ұялатады. Бұл тұтас Торғай өңірінің дамуына жол ашады. 

Қуантарлығы, өңір халқының ұзақ жылдардан бері күткен арман-тілегі орындалып, екі ортадағы байланыс одан сайын жақсара түседі. Әсіресе жүк тасымалы мен сауда-саттықтың жолы кеңейеді. Бұл әр отбасының тұрмысына құт-береке, үлкен өзгеріс әкелері сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, тұрмысқа дүр сілікініс беретін қадамға айналады. Әрі мемлекеттің дамуына тың серпін береді.

Астанамыздан Арқалығымыз, тарих тұнған Торғайымыз арқылы Батыс жұртымызға даңғыл төте жол салынып, ел игілігін көрсе, халықтың көсегесін көгертті дегеннің бір жарқын көрінісі сол болмақ.

Елімізде жаттығу залы абонементінің орташа бағасы қанша
Ұқсас жаңалықтар

Елімізде жаттығу залы абонементінің орташа бағасы қанша