Жақсылық Омар ШҚО әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып Жақсылық Омар тағайындалды.

Жақсылық Мұқашұлы 1980 жылы 28 қыркүйекте Алматы облысы, Алакөл ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдаған. Мамандығы - география пәнінің оқытушысы, мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры.
Еңбек жолын ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Республикалық халықаралық мәдени бағдарламалар комитеті дирекциясының жетекші маманы болып бастады.
Әр жылдарда Мәдениет министрлігінде жетекші маман, бас маман, Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің маманы, «Қазақстан» РТРК» АҚ «Астана» ТРК дирекциясы директорының орынбасары, қоғамдық-саяси бөлімінің продюсері, «Арнамедиа» ҰАХ» АҚ бас менеджері, Парламент Мәжілісі аппараты баспасөз қызметінің сарапшысы, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі, Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, басшысы, Шығыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.
2013 жылдың мамырынан 2016 жылдың қарашасына дейін ШҚО әкімінің орынбасары болды. 2016-2018 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған.
Ал 2018-2024 жылдары Өскемен қаласын басқарған. Осы уақытқа дейін ШҚО әкімінің кеңесшісі болды.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары тағайындалғаны хабарланған.