Жақсы баяндама жасауды үйренген Еңбек министрлігі жақсы жұмыс істеуге баса назар аударуы қажет - Мемлекеттік хатшы

АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісіне қатысқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед ведомствоның жұмысын сынады.

Жақсы баяндама жасауды үйренген Еңбек министрлігі жақсы жұмыс істеуге баса назар аударуы қажет - Мемлекеттік хатшы

«Құрметті әріптестер, ең алдымен слайдтармен, әдемі цифрлармен жақсы баяндама жасауды жетік меңгерген екенсіздер. Бірақ жақсы жұмыс істеу жақсы баяндама жасағаннан артығырақ болады, - деп бастады сөзін Мемлекеттік хатшы. - Сіздердің ведомстволарыңыз Еңбек министрлігі болғаннан кейін ең бірінші сіздер адамдарды еңбекпен қамтамасыз  ету мәселесімен айналысуларыңыз керек. Екіншіден еңбегіне сай еңбекақыны уақытында алу, уақытында беру мәселесін шешу сіздердің басты міндеттеріңіз болуы тиіс. Одан кейінгі кезекте - жәрдемақы, басқа әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз ету. Ең бірінші еңбек және еңбекке сай еңбекақы болуы керек».

Оның пайымынша, әлеуметтік жанжалдар ең алдымен жалақы алмаудан басталады. Мәселен, бір отбасының асыраушысы 1-2 ай бойы жалақы алмайтын болса, онда сол жанұяда дүрдараздық туындайды. Міне осы мәселерге жол бермеу, яғни жұмыспен қамту әрі дер уақытында олардың жалақы алуларын жіті қадағалау ведомствоның басты назарында болуы тиіс.

Бұл орайда қазіргі уақытта ел кәсіпорындарының жұмысшылар алдында 2 млрд. теңгеге жуық қарызы бар екендігіне алаңдаушылығын білдірген М.Құл-Мұхаммед: «Егер экономикада дағдарыс болып жатса, онда басқаша. Біздің бірінші жартыжылдық бойынша экономикалық көрсеткішіміз 5,5 пайызға өсіп отыр. Дәл осындай жағдайда біздің еңбекақыдан қарызымыздың болуы онша жақсы мәселе емес»,-  деді.

Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы аясында ауылдық инфрақұрылымды дамыту қолға алынғандығын, алайда бірқатар облыстарда оған бөлінген мемлекеттік қаржысының «соқыр тиыны да» игерілмегендігін сынға алды.