«Жақсы» порталы ашылды
АЛМАТЫ. 2 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақ тілді интернет кеңістігі тағы бір сайтпен толықты. Қыркүйектің алғашқы күні www.jaqsy.kz ақпараттық, танымдық, сараптамалық порталы өз жұмысын бастады.
«Жақсы» деп атау алған сайттың Ұстара, Қарымта, Тарих, Мәдениет, Ел іші, Сөз өнері, Қазақ білсін, Спорт айдарларында түрлі сараптама, танымдық мақалаларды, ақпараттарды оқуға болады. Сонымен қатар орыс тілді мақалаларды да оқуға болады. «Жақсыдан» мәтіндік жазбалармен бірге, фото және бейнеконтентті де табуға болады. «Айтарым бар» деп аталатын бейнебөлім жаңа порталдың өзіндік ерекшелігі болмақ.
«Сайттың алғысөзінде «Абайдың «жақсы менен жаманды айырмадың» деген сөзі қазір әрқайсымызға қарата айтылып тұрғандай болып көрінетіні содан. Қысқасы, амал қажет деп білдік. Амал дегенде, ақылдан малта, сөзден самаурын қайнату емес. Қал-қадеріміз жеткенше Алаш баласына аласапыран ақпарат теңізінен керегін алуға кеңес беріп, пайдалы мен пайдасыз ілімнің парқын айырып беруге тырысу. Елдікке шақыру, бірлікке үндеу. Жақсыны жаю, жаманды түре қуу. Айтып отырғандай, біздің ұранымыз - «Біріксең - біргесің», дейді сайттың үйлестірушісі Өркен Кенжебек.
Сайтта Руслан Желдібай, Дінмұхаммед Есенбай, Нұрбек Бекбау, Максим Николаев, Рақат Жақсыбай, Елдос Ақтай, Ерлан Әбдірұлы, Өркен Кенжебек сынды жас журналистер бас қосқан. Порталдың редакторы белгілі журналист Сәкен Сыбанбай.