«Жақсы жанармайға қашан жетеміз» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 8 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 8 тамыз, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Кеше Мәдениет және ақпарат министрлігінде министр Дархан Мыңбайдың төрағалығымен республикалық және жергілікті БАҚ- тардың және үкіметтік емес ұйымдар басшыларының кездесуі өтті. Оған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктерінің өкілдері де қатысты. Осы жайтқа арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «БАҚ - қоғамның қозаушы күші» деген тақырыппен берілді. Жиын барысында негізгі баяндама жасаған Мәдениет және ақпарат миинстрі Дархан Мыңбай БАҚ өкілдерінің алдына біршама жаңа міндеттер жүктей келіп: «БАҚ жұмыстарына жаңашылдық қажет. Ақпаратты жаңаша тәсілмен беруді ұйымдастыру барысында радионың мүмкіндігі тиісінше пайдаланылмай отыр. Табысты адам­дардың, өз кәсібін сүйетін адам­дардың, еңбек ерлерінің қатысуы­мен радио-конференциялар ұйымдас­тыруды тапсырамын. Бұл адам­дардың айтары да, халықпен бөлі­сер ойы да бар», - дейді.

***

«Құзырлы органдардың тексеру нәтижесінде біздің автокөліктеріміздің бағына құйылатын жанармай Еуро-2 емес, өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы октандық саны 50 болатын КСРО кезіндегі стандарттағы бензин екендігі бірнеше мәрте дәлелденді. Алайда кейбір жанармай құятын бекеттерде әлі де сол сапасыз жанармайлар сатылады», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның атап өтуінше әсіресе, ауылдық жерлердегі жанармай бекеттері сапасыз бензинге «бай». Мәселен, Алматыдан Балқашқа дейін 50 литр бензинмен жететін болсаңыз, қайтарда 70 литр жанармай жағуыңыз мүмкін. Өйткені кейбір жерлерде жанармайға су араластырып сататыны өтірік емес.  Мақала «Жақсы жанармайға қашан жетеміз» деген тақырыппен берілген.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарының бүгінгі қонағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбаймен арадағы сұхбат «Біз шариғат пен дәстүрді сабақтастыра білген халықпыз» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап ерген ол: «Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы иманның рухымен, найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған осынау байтақ жеріміз  бізге аманнат. Оны сақтап қалу - біздің міндетіміз. Сол бағытта бәріміз жұмыс істеуіміз керек. Әрине, аз халықтың осындай ұшса қанаты талатын, шапса тұяғы сынатын байтақ жерге ие болып қалуы оңай емес. Сондықтан да біз аз болсақ та, сапалы, білімді, иманды, интеллектуалы жоғары, қазақы жастарды тәрбиелеуге тиіспіз. Сонда ғана біздің болашағымыз жарқын болады», - депті.

***

Прокуратура Алматы облысы Бақанас ауылдық округі әкімшілігі ғимаратының төбесінде желбіреген Қазақстанның Мемлекеттік Туында бейнеленген бүркіттің қанатында бірнеше қауырсынның санына жете алмады. Қыран құстың сол жақ қанатында қадағалау органының қызметкерлері тоғыз қауырсынды санаса, оң жағында олардың саны он бір болған. Бұл туралы «Время» газеті бүгін шыққан санында жазды.  Басылым атап өткендей, оның үстіне Көк байрағымыз жартылай жыртылған, әбден тозған және өңі кеткен. Осындай жағдайлар Бақбақты, Миялы, Бірлік ауылдық округтерінде, Статистика басқармасында, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде анықталды.

***

Өздерінің денсаулықтарын тексертпеген алматылықтардың некені тіркеу туралы өтініштері бұдан былай қабылданбайтын болады. Мұндай соңғы шараның қабылдануы туралы Алматы қаласының медиктері армандауда. «Литер» газеті «Той болмайды» атты мақаласында жазғандай, болашақ серігіңнің дені қаншалықты сау және бұл неке «сапалы ұрпақ» алып келе алады деген сұрақтарға берілген нақты мәліметтер қазір аса құнды болып табылады. Жыныстық қатынастағы алғашқы тәжірибе (Қазақстанда статистика бойынша ол - 14 жас), түсіктер мен емделмеген жыныстық инфекциялар - бұл ерлі-зайыптылардың өздерімен бірге алып келетін «жүгі». Елдегі ерлі-зайыптылардың 16 пайызында бедеулік бар. Жоғары бала өлім-жітімі, сәбилердің туа біткен сырқаттары, мерзімі жетпей босану және шақалақтардың құрсақта өлуі  - бүгінгі күннің статистикасында жиі орын алуда.

 

Соңғы жаңалықтар