Жақсылығын жарнамалауға тырысатындарды шектейтін боламыз - ҚР БҒМ

Бұл туралы бүгін ОКҚ өткен брифинг барысында ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Мәншүк Әбдікерім хабарлады.
«Биыл акция «Менің таңдауым - балаларға көмек көрсету» ұранымен өткізіледі. Біздің республикада аз қамтылған отбасылардың қолдайтын меценаттар мен демеушілер арта бастады. Өткен жылы 320 мың бала 2 млрд 460 миллион теңгенің көмегін алған. Мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық демеушілерге рахмет айтқым келеді. Олардың арқасында 300 мыңға жуық бала мектепке баруға мүмкіндік алды», - дейді Мәншүк Әбдікерім.
ҚР БҒМ өкілінің айтуынша, ірі кәсіпорындармен бірге мемлекеттік органдар да акцияға атсалысуда. Қайырымдылық шарасы 30 қыркүйекке дейін созылады. Сондай-ақ министрлік өкілі «Балаларға жасалған жақсылықтардың жариялы түрде болғаны дұрыс па?» деген сыни сұраққа жауап берді.
«Иә, өткен жылы осыған байланысты жайсыз оқиғалар болған. Кейбір өңірлерде акцияны өткіземіз деп, даңғазаға жол беріп алды. Әрине, бұл кейбір ата-аналар мен балаларға ұнағаманы анық. Мен өзім де бұған қарсымын. Сондықтан, өткен жылы өңірлерге нұсқау хаттарын жолдап, ешқандай салтанатты рәсімде немесе жиында балаларға керек-жарақтарының тапсырылмауы керектігін ескерттік. Биыл да бұған баса маңыз береміз. Егер біреу жақсылығын жарнамалағысы келсе, алдын алуға тырысамыз. Өйткені, бұл дұрыс емес», - деп түйді Мәншүк Әбдікерім.