Жақсылық Досқалиевтің ұлы ҚазҰМУ-дың клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры қызметіне тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығымен ҚазҰМУ ректорының міндетін атқарушының ұсынуымен 34 жастағы Айдос Досқалиев осы оқу орнының клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры қызметіне тағайындалды, деп хабарлады ЖОО баспасөз қызметі.

Жақсылық Досқалиевтің ұлы ҚазҰМУ-дың клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры қызметіне тағайындалды

Айдос Жақсылықұлы Досқалиев 1982 жылы Ақтөбе облысының Алға қаласында дүниеге келген.

Жоғары медициналық білімі бар, 2005 жылы С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітірген. 2006 жылы Алматы қаласындағы №7 қалалық клиникалық аурухана базасында нейротравматология, педиатрия және нейроонкология бөлімшелерінде Қазақ мемлекеттік медицина академиясының интернатурасын бітірді.

2006-2010 жылдары - «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты. 2006-2011 жылдары Жапониядағы Хиросима университетінің Нейрохирургиялық бөлімшесінде PhD бағдарламасы бойынша оқудан өтті.

2011 жылдан Ұлттық нейрохирургия орталығының (Астана) орталық нерв жүйесі патологиясы бөлімшесінде нейрохирург-дәрігер болып қызмет атқарды.