Жақсылық Үшкемпіров: Жаңа әліпби аға буыннан бұрын жас ұрпаққа керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ КСР еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров бекітілген латын графикасындағы қазақ әліпбиіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жақсылық Үшкемпіров латын әліпбиіне көшу дәл уақытында жасалған дұрыс қадам деп баға берді.

«Өскелең ұрпақтың әлемде орын алып жатқан жаңалықтардан хабардар болуы үшін, тегіміз бір түркі тілдес халыққа бүгінгіден де жақындап, қазақ спортының деңгейін әлемдік ареналарда бүгінгіден де биіктету үшін, латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне көшуіміз қажет. Бұл бүгінгі заманның талабы. Жаңа әліпбиді меңгеру жастармен бірге аға буынға да қиындық туғызбайды деген ойдамын. Спортшылар жаңа әліпбимен жазуға дайын», - дейді Жақсылық Үшкемпіров.

Оның айтуынша, латын әліпбиіне көшу туралы халқымыздың арман-тілегі егемендік алған жылдары туған.

«Латын графикасындағы қазақ әліпбиіне көшу - егемендік алғанымыздың жарқын белгісі. Бұл бабалардың мұраты еді. Сондықтан, жеке мемлекет екенімізді білдіретін еліміздің бұл қадамына қуаныштымын. Біздің қазіргі ұрпақтың бастаманы бірауыздан қолдап кеткені қуантады. Аға буын болып біз де атсалысуымыз керек», - дейді даңқты чемпион.

Жақсылық Үшкемпіров сонымен бірге, аға буынға жаңа әліпбиді меңгеріп, заманмен бірге алға жылжу еш қиындық туғызбайтынын айтады.

«Төрт-бес әріпке қиналамыз ба? Бүкіл дүние жүзі латын әліпбиіне көшіп кеткен. Жас кезімде әлемнің 30-40 еліне барып күрестім. Сол кезде ол елдің басым бөлігі бір-біріне ұқсас әріптермен жазатынына мән беретінмін. Демек, Қазақстан да әлем елдерінің көшінен қалмауы керек. Мұның бәрі аға буыннан бұрын жас ұрпақ үшін қажет», - дейді Жақсылық Үшкемпіров.

Еске сала кетсек,27 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар
telegram